БАҚЫТЫН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Жаңа дәуірде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту мақсатында Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба еліміздің әр саласында табысқа жеткен тұлғалардың қоғамға сіңірген еңбегін көрсетіп, үлгі етуді көздейді.
«Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарынан орын алған Баһаргүл Төлегенқызы жайлы білмейтіндер кем де кем шығар, сірә. Елімізде тұңғыш рет ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар жасап шығаратын «Әдемі-ай» компаниясының құрып, бүгінде қазақтың асыл мұраларын насихаттауда. Бақытын ата жұртынан тапқан қазақтың қарапайым қызының жетістігі көпшілікке үлгі.
Халқымыздың ұстанымдары мен дәстүрлеріне қанығып өскен ол, қазақтың қолданбалы өнеріне жастайынан қызығушылық танытады. Пекин қаласында оқып жүрген кезінде қытай мұражайларындағы жәдігерлерге қатты қызыққан екен. Аспан асты еліндегі қойнауы тарихқа толы мекендерді аралап, ұлттық жәдігерлерді жинауды мықтап қолға алады. Ата жұртқа оралғаннан кейін бастаған ісін әрі қарай жалғастырып, осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Кейіннен қазақы бұйымдар мұражайын ашсам деген арманы іске асып, 2000 жылы «Әдемі-ай» өнер мұражайының негізін қалайды. Бүгінде мұражай қорында көздің жауын алатын мыңнан астам экспонат бар. Бұл оның 20 жылғы тынымсыз еңбегінің жемісі. Әрбір жәдігер тұнып тұрған тарих. Ою-өрнектерімен әрленген зергерлік бұйымдар, әсем безендірілген ат әбзелдері, батырлардың қару-жарақтары, тұрмыстық және киіз жабдықтар, жібек-тоқыма бұйымдар, электронды-техникалық заттарды  ерекше атап өтуге болады. Тіпті мұражай қорынан археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған б.з.д VI-VII ғасырларға жататын заттар да кездеседі. Әжелеріміздің кимешегі, аруларымыздың әшекейлері және асық, жамбас бейнесіндегі кәдесыйлардың астарында терең мағына жатыр. Оның бәрін жіпке тізер болсақ таңды таңға жалғауға болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұндай  бұйымдар жоқтың қасы болса, «Әдемі-Ай» компаниясы ұмыт бола бастаған асыл мұраларды қайта жаңғыртты. Бұл — қазақтың құндылығының қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізу қасиетті борышым деп білетін Баһаргүл Төлегенқызының жемісті һәм жеңісті еңбегінің айқын көрінісі. Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған жәдігерлерді жаңа қырынан таныту оңай шаруа емес. Бұл үлкен жауапкершілік, ұзақ ізденіс пен қажырлы еңбекті талап ететіндігі айтпаса да белгілі.
2007 жылдан бастап Баһаргүл Төлегенқызының этнографиялық және мәдени-танымдық «Әдемі-ай» журналы шығарыла бастады. Онда қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрлері мен ғұрыптарынан сыр шертетін тағылымды ақпараттар, сонымен қатар еліміздің талантты суретшілері, скульптор, зергерлері жайлы мәліметтер жарық көрді. Баһаргүл ханым журналды шығару үшін кәсіби журналистер мен редакторларды жұмылдырды.
Баһаргүл Төлегенқызы жетекшілік ететін «Әдемі-ай» компаниясы қазақ мәдениеті мен этнографиясын насихаттау мақсатында елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде өткен ауқымды көрмелерге қатысып келеді. Атап айтар болсақ, сирек кездесетін бұйымдар топтамасымен: Бүкіләлемдік қазақ қауымдастығының 15-жылдығына арналған қазақ шеберлерінің қолданбалы және заманауи өнер әлемінің «Елім-ай» көрмесіне, «Тараз-2000» көрмесіне; Бүкіләлемдік қазақтардың ІІ құрылтайына (Түркістан, 2002 ж.), Шағын қазақ құрылтайына (Швеция, Вестерос 2003 ж.); «Наурыз» көрмесіне (Алматы, 2004 ж.); Бүкіләлемдік қазақтардың ІІ құрылтайына (Астана, 2005 ж.), Шағын қазақ құрылтайына (Германия, Мюнхен, 2007 ж.); Кәдесыйлардың халықаралық «Ару-2007» (Алматы), «Қиял ғажап әлемі» (Астана, Думан, 2007 г.) көрмесіне; Кәдесыйлардың халықаралық «Ару-2008», «Ару-2009», «Ару-2010», «Ару-2010»  көрмесіне қатысқан. Әрбір өткен көрмеден Бахаргүл ханым қазақ мәдениетін дамытуға қосқан бағалы үлесі үшін ұйымдастырушылар тапсырған алғысхаттар мен дипломдарды алып келеді.
Баһаргүл Төлегенқызы жетекшілік ететін «Әдемі-ай» компаниясы 2011 жылы елімізде өткен VII Қысқы Азиада ойындарына демеушілік көрсетіп, 15 млн теңге бөлді. Кәрі құрлық көз тіккен айтулы додаға арнайы Қытай, Түркия елдерінің ең талантты мүсіншілерімен бірге ақ Азиада қонақтарына арнап бірегей кәдесыйлар дайындаған болатын. Бұдан бөлек, «Аймақтар аламаны», «Сағындырған әндер ай», «Намыс дода» және өзге де көптеген ауқымды тележобаларға демеушілік жасады.
Бақытын еңбектен тапқан Баһаргүл Төлегенқызына еліміздің мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін 2010 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді. Сол жылы «Қазақстан әйелі 2010» тележобасында еліміздің 30 үздік аруының ішінен суырылып шығып, жеңіске жетті. Адам баласы бақытқа адал еңбегі арқылы жетеді. Тек алдыға мақсат қойып, сол бағытта еңбектене білуі тиіс. Ынтасы бар адам ғана мақсатына жетеді. Бұл өмірдің айнымас қағидасы. Баһаргүл Төлегенқызының өмірлік ұстанымы да осыған саяды.
«Ауыл» партиясы Саяси Кеңес Президиумының мүшесі Баһаргүл Төлегенқызын мақтан тұтады. Табыстың кілті еңбекте екендігін іс жүзінде көрсете білген Баһахгүл ханымның жарқын жетістігі мыңдаған отандасымызға үлгі боларлық.
Іскер жан еліміздің құндылықтарын жаңғыртуға қосып қана қоймай, бүгінде өз білгенін жастарға үйретуден де әсте жалыққан емес. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде «Ауыл» партиясының ұйымдастырумен Баһаргүл Төлегенқызы оқу орны студенттерімен кездескен болатын. Мастер-класс форматында өткен кездесуде ол, ұлттық жауһарларымызды қайта түлетудің маңыздылығы мен халқымыз үшін оның құндылығы жайлы баяндады. Табысқа жетудің қыр-сырына тоқталып, мақсатқа жету үшін тәуелкелге барудан қорықпауға шақырды. «Ауыл» партиясы алдағы уақытта Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінде Баһаргүл Төлегенқызының қатысуымен кең көлемде тағы бір мастер-класс және көрме өткізуді жоспарлап отыр.

© Бердібек Улянов
«Ауыл» партиясының баспасөз хатшысы

Не нашли то, что искали? Хотите оригинальный дизайн?
Получите консультацию по Вашим индивидуальным требованиям