Тәуелсіздік болмаса менің мыңдаған ұлттық кәдесыйларым дүниеге келмес еді

bahargul_foto-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f
АСТАНА. ҚазАқпарат — Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары атамекенге оралып, көп адамдар бара бермейтін өзгеше кәсіп түрін талдап, бұл күнде табысқа жеткен қазақ қыздарының бірі, көнеден қалған құнды жәдігерлерімізді жинап, ұлттық болмысымызды жаңғыртып, әдемі кәдесыйларымен қуантып жүрген танымал кәсіпкер, «Әдемі-ай» компаниясының директоры Бахаргүл Төлегенқызымен болған сұхбатымызды ұсынамыз.

— Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне міне, биыл 25 жыл. Сөзімізді Тәуелсіздік сізге не берді, сіз тәуелсіздікке не бердіңіз? деген сауалмен бастасақ…

— Бізге бәрін берген осы тәуелсіздік. Барлығы тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздік болмаса біз бұл жерге келе алмас та едік. «Әдемі-ай» компаниясы да болмас еді. Менің жасаған мыңнан артық кәдесыйларымда дүниеге келмес еді. Мыңнан астам қазақтың қолданбалы өнерін жинамас та едім. Мен — осы қасиетті ұғымды, еркіндікті аңсап келген азаматтың бірімін. Сондықтан тәуелсіздік деген мен үшін өте ыстық, өте жылы сөз. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған кезде бөркін аспанға атып қуанған қазақ қызының бір менмін. Содан 1994 жылы елге бір жолата оралған едім. Мен не алар екенмін деп емес, не беремін деп келген жанның бірімін. Атажұртқа ат басын тірегеніме міне 22 жыл болды. Содан бері тынбай еңбек етіп келемін.

— «Әдемі-ай» өнер мұражайы мен компаниясын ашу қалай басталды?

— Қазақтың қолданбалы өнерін зерттеп, өзімнің студент кезден бастап жинап келе жатқан заттарымды осындағы көзіқарақты адамдарға көрсетіп, оның бағалы дүние екеніне көз жеткіздім. Сөйтіп қызықты әрі жапалы болса да, ұлтымыздың дәстүрлі өнер туындыларын жинап, қатарын молайта бастадым. Бұлардың бәрі атадан балаға қалып келе жатқан, қымбат бағалы, көне мұралар ғой. Бұрынғы байлар мен билер пайдаланған алтынмен аптап, күміспен күптеген, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, олар жыл өткен сайын құнданатын асылдар. Ал ондай асылдарды ешкім тегіннен тегін бермейді, сатып алу керек, сатып алу үшін ақшаң болу қажет қой. Сосын бизнеспен айналыстым. Оны бастағанда ата-баба өнерін жаңғырту мақсатында, жаңа заман үлгісіне сай, әр қазақтың шаңырағында тұруға тиісті, елдікті, ұлттықты көрсететін бұйымдарды біз «кәдесый» деген атпен сата бастаған болатынбыз. Кәдесыйлардың жанында тұратын, бірақ сатылмайтын жәдігерлер басында бес-алты затпен басталды. Содан айлап өсіп, бір жылда жүз затқа, екі жылда екі жүз затқа өсіп, әрі қарай молая түсті. Мен басында Алматыда шағын дүкен аштым, онда екі бөлмелі дүкеннің бір бөлмесі көрме залы болды да, енді бірі кәдесыйларды сату бөлімі болды.

bahargul_foto

Бұны көрген ел мені жәдігер жинаушы ретінде танып, қолдарында барын алып келе бастады. Мен өзіме келген дүниелерді саудаласып алып қалып отырдым. Сөйтіп коллекциям көбейе берді. Сол кезде ол коллекцияны болашақта үлкен мұражай қылып ашсам деген арман пайда болды. Арманым жүзеге асып, 2011 жылы Алматыда қазақстандағы тұңғыш жеке мұражай аштым. Өзіміздің «Әдемі-айдың» жеке 3 қабатты ғимараттың 2-шы қабатын «Әдемі-ай» өнер мұражайы деп, Әділет министрлігінен лицензиясын алып заңдастырдық. Сол музейіміз қазір мектеп оқушыларына, студенттерге, шетелден келген қонақтарға тегін қызмет көрсетіп келеді. Ол жердегі заттар қазақ халқының тұрмыстық бұйымдары, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдары, киіз үй жабдықтары, батырлардың сауыт-саймандары, ыдыс-аяқтар деп көптеген топтарға бөлінеді. Ол заттарды көшпелі көрме ретінде Алматы, Астана сынды қалаларда өткен көрмелерге қатыстырып жүрмін. Бұның бәрі өз қаражатымызбен іске асады. Қызметкерлерін өзім айлықпен қамтамасыз етемін. Бірер жыл бұрын Алматыдағы Орталық мұражайда көрме жасаған кезде, аталған мұражайдың директоры «Бахаргүлдің заттары, көрмесі біздің мұражаймен тепе-тең», — деп айтты. Онысы рас деп ойлаймын. Өйткені бізде Орталық музейде жоқ кейбір заттар да бар. Мәселен, түркілер дәуіріндегі, 3-5 ғасырдағы қытайдың Шаң патшалығы кезіндегі артифактілер бар. Ескі заттар, неше түрлі тиындар, Отырар керамикасы бар дегендей. Тіпті, кейбір экспонаттарымыз әлі де зерттелу үстінде. Сол жәдігерлік бұйымдарым биыл «Ұлт жауһарлары» деген атпен кітап боп шықты. Бұған мыңнан артық затымның 300-ден астамын енгіздік.

— Сіздің құнды жәдігерлеріңіз сатыла ма?

— Олар сатылмайды, барлығы мұражайымда тұрады. Мыңнан астам жәдігерім бір төбе, ал кәдесыйдың да мың түрін шығардым дедім ғой. Ол бизнес, олар сатылады. Кәдесыйды тек ғана бизнес деп емес, ол да ұлтқа жанашырлық деп елдер бағалап жатыр. Өйткені ол — ұлттық бұйым, оны жоқтан бар етіп біз шығарамыз, күн сайын ізденісте боламыз. Тарихымызды, дәстүрімізді этнографиямызды көрсететін бірегей туындылар олар. Қазақстанның белгілі суретшілері, мүсіншілерімен, этнографтарымен ақылдаса отырып, ізденіспен туатын дүниелер бәрі.

Жоғарыда айтқанымдай, мыңнан аса жәдігердің 300-і кітап боп шықты, алдағы уақытта қалған бөліктерін кітап етіп шығаруды жоспарлап, дайындап жатырмын. Мақсат — жәдігерім бар деп мұражайға қойып қойсақ, оны санаулы адамдар ғана біледі, көреді. Ал сапалы суреттермен дайындалған кітап жиналған асылдарымызды бүкіл халыққа танытуға жол ашады. «Ұлт жауһарлары» кітабы үш тілде жарық көрді, ондағы заттар қай өңірдікі, қай ғасыр, қай жылдардікі, қандай техникамен жасалған, не үшін пайдаланған деген сияқты түсініктемелердің бәрі жазылған. Бұрынғы әжелеріміз пайдаланғанымен бүгінде ұмыт болып бара жатқан дүниелері бар. Енді оны жаңғыртып, қыз келіншектер тақса, солар сандықтың түбінде қалып қоймай, кітап болып шықса, кәдесый болып сатылса, өзіміздің де осындай жауһар мәдениетімізбен құнды дүниелеріміз бар екенін білуге болады.

— Мұражайларыңыздағы асыл заттардың көшірмесі жасалып, жаңғыртыла ма?

— Иә, біз жаңғыртып жасап жатырмыз, ондағы мақсатымыз — қазіргі қыз-келіншектерге бұрынғы әже, апаларымыздың таққан дүниелерін, жаңғыртып, тамаша етіп, қолжетімді ғып шығарсақ — мұның өзі қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеудің бір жолы, олар шетелдің әлпеншектеріне қызыққанша, өзіміздің осы асылдарымызды тақса, ұлттық өнерімізді ұмытпайды. Және ата-бабамыздың дәстүрін жалғастырамыз, кейінгі ұрпаққа осы өнегелі ісіміз арқылы ерекшеленеміз. Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, олардың отанға деген құрметін асыру жолында кішкене болса да еңбек етеміз деп ойлаймын.

dsc_4002_1

— Отанға келіп өз арманына жеткен қазақ қызы ретінде алыста қалған ағайындарға айтарыңыз…

— Алыстағы ағайынға айтарымыз — елге келгеннен кейін өзіміз бүгінде істеп жатқан істердің дамуына мүмкіндіктер болды. Осындай жетістіктерге жеткеніміз, тағы да айтайын осы қасиетті тәуелсіздіктің арқасы. Мен келгелі жиырма жылдан асты, ел егемендік алғалы да мінеки 25 жыл болды. Мен осында келгелі «Әдемі-ай» өнер мұражайын аштық, ұлттық кәдесыйларды шығарып, халқымызға кішкентай болса да еңбегіміз тиіп жатқаны оның өзі қуантарлық. Бірақ әлі де болса алда жоба-жоспарларымыз көп. Осы ширек ғасырда еліміз адам айтса нанғысыз көптеген жетістіктерге жетті. Алдымызда міне ЭКСПО халықаралық көрмесі келе жатыр, Алматыда Универсиада болғалы жатыр. Оларға біздің компания дайындық үстінде. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын өткіздік. Биылғы үлкен жаңалығымыз тауелсіздіктің 25 жылдығына елдігімізді көрсететін көптеген кәдесыйлар дайындау үстіндеміз. Бұл да болса елдікті ұлықтау мақсаты ғой. Шетелден біреу келсе, Қазақстанның төл дүниесі ретінде біздің жасаған дүниелерімізді әкетеді. Ол дүниенің еш жерінде қайталанбайды. Өйткені қазақтың бірегей туындылары. Биылғы екінші жаңалығымыз — Астанаға келіп, мінеки Есілдің сол жағалауынан жаңа дүкенімізді аштық. Міне осындай жетістіктерімнің бәрі — тәуелсіз отанға келгеннен кейін іске асып жатқан шаруалар. Сондықтан алыстағы ағайынға айтарым — отанға оралып, елің үшін, өз отаның үшін қызмет ет дегім келеді.

— «Әдемі-ай» жалпы қанша адамды жұмыспен қамтып отыр?

— «Әдемі-ай» компаниясында жалпы 45 адам жұмыс істейді. Іргетасымыз қаланғалы бері жұмыс істеп келе жатқан 5-6 қызметкер бар. Олар менімен бірге «Әдемі-айдың» ыстық-суығына көніп келеді. Өздері ұлтжанды азаматтар. Бірліктің арқасында жұмыстарымыз алға жылжып келеді. Солардың арқасында «Әдемі-ай» компаниясы өсіп, өркендеуде. Музейдегі жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы ерекше білімді жәдігерлердің тарихын бес саусағындай анық біледі.

Ал, кәдесыйлардың саудасы жағынан айтар болсақ, 15-20 жылдың ішінде «Әдемі-ай» сауда белгісі бренд ретінде танылып қалды. Менің еңбегімді бағалап Елбасының өзі де іскер әйелдермен кездесуде қабылдады. Ол кісі өзі жақындап келіп, қолымнан алып, мен тағып барған әшекей бұйымды ұстап көрді. «Бұл бұйымды өзің жасадың ба?» деп сұрады, мен «Иә өзім жасадым» десем, «Осындай бұйымдарды көп жасауымыз керек, әсіресе шетелдіктерге осыны көп көрсетуміз керек, табысты бол, еңбегің жана берсін!» деп батасын берген болатын. «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет қайраткері» деген төсбелгі тақтым, жақында Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденімен марапатталдым. Былтыр «Конституцияның 20 жылдық» медалін алдым. Енді бұдан артық мен өзіме қандай баға тілеймін.

%d0%ba%d0%be%d0%ba%d1%82%d0%b5%d0%bc-%d1%88%d1%83%d0%b0%d0%b3%d1%8b1-07-03-14

0-32175400-1394524828

— «Әдемі-ай» кәдесыйларының негізгі алушылары кімдер?

— Негізінен жай қарапайым адамдардың қолы жету үшін бағасы арзан, сан түрлі кәдесыйлар дайындаймыз. Әр алуан мереке мейрамдарға арналған кәдесыйларды үзіліссіз шығарып отырамыз. Кейбір мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар бізге тапсырыстар беріп жатады. Біздегі дизайнерлер тобы олардың логотиптері мен стильдеріне қажетті эскизді жасап көрсетеді.

— Үлгісі дайындалған кәдесыйларды өздеріңіз жасайсыздар ма, әлде басқаларға тапсырыс бересіздер ме?

— Алматыда зергерлік цехымыз бар. Зергерлік бұйымдарды, күмістен, алтыннан жасайды. Имидждік өнімдерді (жібектен, фарфордан, хрустальдан жасалған тауарларды, қаламды да, флешканы да бәрін айтуға болады) толықтай шығара алмаймыз, сондықтан шетелдегі әріптестеріміз арқылы жүзеге асырамыз. Бірақ дизайны өзіміздікі болады. Ал ұлтымызға қатысты металл бұйымдарды, қоржын-қосқалаң, көрпе-жастық сынды дүниелерді өзіміз жасаймыз.

— Көне жәдігерлерді қазірде жинап тұрасыздар ма?

— Иә, ескі заттарды мен әлі де жинаймын. Бірақ қазір ақшаң болса да таба алмайсың. Өйткені көненің көзіндей ата-бабасының мұрасын бәрі сата бермейді. Ондай тамаша құнды заттар ел қолында азайып кетті. Мен қайта үлгеріп сатып алып қалыппын. Кейде кездесіп қалғандары болады, олар өте қымбат бағаларды көрсетіп жатады. 5 мың, 10 мың, 30 мың доллар деп алып келеді. Шама келгенін алып қалам, ала алмағандарым уысымнан шығарып қойған кездерім де болды.

— Соның ішінде сіздің ала алмай, ерекше өкініп қалған бұйымдарыңыз болды ма?

— Бір апа қызымен бірге керемет тамаша камзол алып келді. Кеудесінің алдыңғы жағы бүкілдей күміс теңгелермен көмкерілген, әшекейленген сол шапанның бағасы бар жоғы жетпіс доллар болды. Сол күні менде сауда болмай, ақшам жетпеген соң, ала алмай қалдым. Алып қалсақ, сондай тамаша болар еді. Кейін ол кісіні қайта табайын десем, телефонын да алып қалмағанмын. Соны ойласам, әлі күнге дейін өкінемін.

— Бахаргүл Төлегенқызына осы жолмен жүруге қуат берген не деп айтар едіңіз?

— Жазушы Көпен Әмірбек ағамыз маған берген бағасында мынадай бір сөз жазған: «…Ұлт құндылығының ұйтқысы болған Темірбек Жүргенов, Өзбекәлі Жәнібеков, Тарақты Ақселеу, Дәркенбай Шоқпарұлы сынды қайраткерлердің қарындасы Бахаргүл деп білемін» деген болатын. Осыдан артық сөз не керек енді. Бұндай сөздердің талайы «Әдемі-айға» айтылған. Бәрі ұлттық намыстан туғандықтан айтылған жоғары бағалар. Сондықтан маған қуат беретін ұлттық өнер, ұлттық намыс деп ойлаймын.

— Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындықтарыңыз жоғары шығар?

— «Әдемі-ай» компаниясы ұлттық кәдесыйлар шығаратын бренд болғаннан кейін бізге де үлкен жауапкершілік артылуда. Біз олармен лицензиялық келісімге қол қойдық. Сондықтан көп заттар шығару жөнінде міндетіміз бар. Өйткені фирмалық дүкендерін толтыруымыз керек. Шетелден келген неше миллион халық естелік ретінде бір нәрсе әкетуі керек қой. Соларды дайындауға қазір кірісіп кеттік. Алматыда өтетін Универсиаданың заттарын жасап жатырмыз. «Азиада» ойындарына демеуші болдық. Сол кезде өзімізге көп тәжірибе жинадық.

— Табысқа жеткен кәсіпкер әйел ретінде артыңыздан еріп келе жатқан кәсіпкер сіңілілеріңізге айтар кеңестеріңіз…

— Батыл, парасатты болу керек. Бір іс бастаған кезде алаңдамау керек. Кәсіпкер әйелдер мен кәсіппен айналысам деп отбасын, ер азаматын ұмытпауы тиіс. Қыздың қырық жаны бар дейді ғой, егер ниет болса, әйел адам бәріне үлгере алады. Жолдасыңның да көңілін тауып, бала-шағаға да, үйге де үлгеріп, сыртта бизнесіңді де жүргізіп отыруға болады. Қоғамда қанша мықты кәсіпкер болсақ та, үйде қарапайым әйел екенімізді, ана, асыл жар болу керек екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Әрине, ондай мықты әйелдер елімізде баршылық. Әйел өзін қанша мықты сезінсе де ол ер адамның алдында бір саты төмен жаратылыс иесі екенімізді мойындауға тиістіміз. Ер адам әйелге үлкен арқау, тіреу ғой. Менің де осындай жетістікке жетуім де, халық алдында осылай жүре алуым да жолдасымның арқасы. Мені жалғызсыратпай, басы қасымда жүрді. Әрдайым менің демеушім бола біледі. Сондықтан артымнан ерген қыз-келіншектерге айтарым: жалғыз адам жетістікке жете алуы екіталай. Әсіресе әйел адамға қиын болады. Дәстүр бойынша қазақ жұрты ер азаматын құрметтеп өткен халық. Егер әйел ерін құрметтесе, онда ерін де, өзін де елі құрметтейді.

— Сұхбатыңызға рахмет.

Не нашли то, что искали? Хотите оригинальный дизайн?
Получите консультацию по Вашим индивидуальным требованиям