Төл мерекеге тарту

Еліміздің Ұлттық музейінде 13 қазанда «Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін Қазақстан» жобасы аясындағы «Зергерлік өнер» көрмесі өтеді. Онда елімізге танымал коллекционер, этнограф, «Әдемі-Ай» компаниясының президенті Бахаргүл Төлегенқызының жеке көрмесі ұйымдастырылады. Аталған шарада «Әдемі-Ай» компаниясының Қазақ хандығы дәуірінен сыр шертетін мыңға жуық тарихи жәдігерлері мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы дайындаған ұлттық кәдесыйлардың тұсауы кесілмек. Ұлттық рухымызды асқақтатуға, ұлт болмысындағы ұлттық бояу­лар мен әшекейлерімізді танытуға өзіндік үлес қосып жүрген «Әдемі-Ай» компаниясының директоры, белгілі этнограф Бахаргүл Төлегенқызымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Бахаргүл Төлегенқызы, Қазақ хандығының мерейтойын ұлттық өнер бұйымдары арқылы қалай өрнектей алдыңыздар?
– Биылғы жылғы төл мерекеміз «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерейтойына әрбір азамат өз хал-қадерінше үлесін қосуы қажет деп санаймын. Айтулы іс-шараға біздің қосқан үлесіміз ретінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында «Зергерлік өнер» атты үлкен көрмені ұйымдас­тыр­мақшымыз. Көрмеге Қазақ хандығы дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылады. Ат әбзелдері, қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар, киіз үй жабдықтары, киім-кешектер секілді көненің көзіндей асыл бұйымдар орын тебеді. Соны­мен қатар «Әдемі-Ай» компания­сы осы мереке қарсаңында арнайы кәдесыйлар жасап шығарды. Кәдесыйдың да тұсаукесері сол күні болмақ.
– Алматы мен Астанадан бастау алатын осындай жақсы бастамалар облыстарымызда да жалғасып жатса нұр үстіне нұр. Бұл кәдесыйларыңызды еліміздің өзге өңірлерінде көрсету жос­парларыңызда бар ма?
– «Ұлт жауһарлары» көрмесі жыл сайын Астана, Алматы қалаларында өтеді. Биылғы жылы Қазақ хандығы туын тіккен Жамбыл облысында көрмемізді өткіземіз. Жыл ­сайын Өскеменде, былтыр Атырауда, Ақтауда көрме ұйымдастырдық. Жалпы әр облыстан жыл сайын шақыртулар болып жатады. Көрме ұлттық құндылықтарды насихаттау болғандықтан, облыстарды айтпағанда шетелдерді аралап шықсақ та артықтығы болмас.
– Жұмыстарыңыздың мектеп оқу­шы­ларына, жастарға насихатталу жағы қалай?
– Бұл ұлттық кәде-сыйлар деген тек қана бизнестің көзі емес. Ұлттың тарихын зерделеу деп те ой­лаймын. Бір жағынан оның жас­тарды отаншылдық рухқа тәр­бие­леудегі рөлі зор. Қала берді «Асық ату», «Тоғызқұмалақ» ­сынды ұлттық салт-дәстүрлерімізді, ойын­дарымызды да кеңінен дәріптеп жүреміз. Мемлекеттік іс-шаралардың барлығына қатысамыз. Мысалы, Қазақстанда өткен Азия ойындарының демеушісі, ресми кәдесый таратушысы болдық.
Алматыда Қысқы универсиада өткелі жатыр. 2017 жылы болатын сол универсиаданың лицензиясын алдық. Осы айтулы шараға да кәде-сыйларымызды дайындай бастадық.
Жеке жәдігерлік бұйымдар бар. Ал «Әдемі-Ай» деген жеке мұра­жайым ол бір басқа. Мұра­жай­дағы заттардың көбі сатылмайды. Мұражайда ескі І-ІІІ ғасырдағы, яғни қола дәуіріндегі қару-жарақтар, ІІІ-V ғасырдағы тиындар, ХІ және ХVIII-XIX ғасырдағы зер­герлік бұйымдар бар. Ұлттық кәдесыйлардың саны мыңнан асты. Асық, шаңырақ, торсық, қамшы, асатаяқ секілді кәдесыйларымыз өте көп. Кәдесыйларға қатысты меке­мелердің де тапсырыстарын орындаймыз. Компания 2010 жылдан бері жұмыс жасап келеді.
– «ЭКСПО – 2017» көрмесіне да­й­­ын­­­дықтарыңыз қалай? Қандай кәде-сыйлар ұсынбақшысыздар?
– Біз дайындықты әлдеқашан бас­тап, іске кірісіп кеткенбіз. «­ЭКСПО – 2017» көрмесінің тендеріне қатысып, оны ұтып алдық. Жиырма бір түрлі кәдесый жасап, «ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясына ұсынып жатырмыз.
Осындай кең көлемдегі, мем­лекеттік, дүниежүзілік дәрежедегі іс-шара болғандықтан біз де қалыс қалмаймыз. Тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатырмыз. Қазір сол көрмеге қойылатын арнайы киім-кешектер, үстел үстіне қойылатын түрлі заттар, кітаптар, т.б. дүниелерді әзірлеу үстіндеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Не нашли то, что искали? Хотите оригинальный дизайн?
Получите консультацию по Вашим индивидуальным требованиям