Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Әдемі-айдың» көрмесі өтті

ҚАЗАҚСТАН-2050. МӘҢГІЛІК ЕЛ

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Әдемі-айдың» көрмесі өтті

Астана. 13 қазан. BAQ.kz – ҚР Ұлттық музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында «Әдемі-ай» компаниясының «Зергерлік өнер» көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеге аталған компанияның Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы жасаған қолданбалы-сәнді өнер бұйымдары мен «Әдемі-ай» өнер музейінің директоры, этнограф Бахаргүл Төлегеннің жинаған жәдігерлері қойылды.  

 

«Зергерлік өнер» көрмесін таныстырған «Әдемі-ай» компаниясының директоры Бахаргүл Төлеген бұл жолғы шараның ерекшелігіне тоқталды.

 

«Жәдігерлеріміздің барлығы қазақтың тереңде жатқан тарихынан сыр шертетінін өздеріңіз көріп отырсыздар. Олар зергерлік бұйымдар, ат абзелдері, батырлардың қару-жарақтары, көшпенді қазақтың тұрмыстық бұйымдары деген сияқты көптеген топқа бөлінеді. Осы жолы Ұлттық музейге I-II ғасырлардағы Күшән патшалығы кезіндегі жәдігерлерден тартып, тәуелсіз Қазақстанның бүгінін бейнелейтін тың туындыларды қамтитын 1000-нан аса топтаманың жартысын алып келдік. Оның ішіндегі ұмыт болып бара жатқан құс тұмсық және отау жүзіктер, топсалы білезіктер, шашбаулар, шекеліктер, шолпылар өз қалпында сақталған. Сырғаның 100-ден артық түрін жинағанмын. Ер кісілердің кісе және кемел белдіктері де бар. Киіз үйдің бау, басқұрлары да менің топтамама кіретін құнды жәдігерлер деп айта аламын. Өзімнің әулетімде төрт атадан бері сақталып келген келі, келсаппен қоса, әжемнің камзолы мен кимешегі де бар. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған арнайы жаңадан шығарылған кәдесыйларды да көрмеге қойдық»,-дейді Б.Төлеген.

 

Көрменің ашылу салтанатына билік өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері және өнер жұлдыздары қатысты.

 

«Кеше ғана Елбасымыздың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы ежелгі қаламыз Тараздың төрінде дүркіреп өтті. Қазақтың тарихы тек қана соғыстардан тұрмаған. Біздің терең тарихымыз рухани байлықты қамтыған. Ескі, ежелгі қалалардан қазып алынған көне жәдігерлер арқылы біздің бағзыдан қалыптасқан руханиятымыз бен мәдениетіміздің жоғары деңгейде дамығандығын көре аламыз. Біздің әдебиетіміз қалай керемет болатын болса, өнеріміз де сондай биікке көтерілген. Өйткені, бүгінгі көрмеге қойылып отырған жәдігерлердің түп тамыры тереңде жатыр. Біз тарихымызды ұлықтау үшін тарихымызға қатысты барлық жәдігерлерді түгендеп, оған қамқор болып жүруіміз керек. Осындай ыждағаттылықпен жинаған еңбектің көрінісі көз алдарыңызда. Бахаргүл Төлегенқызы жәдігерлерді жинап қана қоймай, оны дамытып, зерттеп жаңа заман үлгісіне сай етіп кәдеге жаратып жүрген азамат. Меніңше бұл қайтпас қажырлылықты, ұлтқа деген шынайы махаббатты қажет етеді. Сондай махаббаттың көрінісін көрмеге қойылған жәдігерлерден байқауға болады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған арнайы кәдесыйлар жасауда да Бахаргүл барлығына үлгі болды. Хандыққа арналған қай туындысынын алып қарасаңыз да біздің тегіміздің, елдігіміздің өрнегі шебер бейнеленген. Зергерлік өнер арқылы тылсымда жатқан философиямызды бұл күнге жеткізу үлкен еңбек деп есептеймін»,-деген ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Қамзабекұлы коллекционер Бахаргүл Төлегенді көрменің ашылуымен құттықтады.

 

Сондай-ақ, көремеде «Әдемі-ай» компаниясы өнімдері көрермен назарына ұсынылды.

 

Не нашли то, что искали? Хотите оригинальный дизайн?
Получите консультацию по Вашим индивидуальным требованиям