«ӘДЕМІ-АЙДЫ» ӘЛЕМ ТАНИДЫ

«Ауыл» партиясының ұйымдастырумен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына енген тұлғалардың бірі Баһаргүл Төлегенқызымен кездесу өтті. Жиында танымал топтамашы-этнограф өзінің өмірбаяны мен іскерлігі туралы жастарға өнегелі әңгіме айтты. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұйымдастырыл­ған мерекелік жүздесуге «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов, оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жайнагүл Құсайынова, партияның Орталық аппаратының жетекшісі Фарид Ақбердиев, университеттің оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты. Толымбек Ғабділәшімовтің айтуынша, табысқа жету үшін ерекше талпыныс қажет. Баһаргүл Төлегенқызы өзінің еңбекқорлығының арқасында толағай табысқа жетіп отыр. – «Ауыл» партиясы Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасына орай өңір-өңірлерде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Бүгінгі кездесудің мақсаты «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген бірегей тұлғалармен жастарды жүздестіріп, олардың ғылым, шығармашылық, кәсіпкерлік саласындағы жеткен жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі ету болып отыр. Ортамызда «Қазақ­стандағы 100 жаңа есім» жобасына кірген Қазақстанның Мәдениет қайраткері әрі «Ауыл» партиясының саяси кеңесі президиумының мүшесі Баһаргүл Төлегенқызы отыр. Жалпы бизнесте бренд жасап, оны сақтап тұру оңай емес. Баһаргүл Төлегенқызы осындай қиын дүниені іске асырып, жігерлі қазақ әйелінің символына айналды. Әрбір қазақ қызы сізден үлгі алу керек, – деді ол. Баһаргүл Төлегенқызы Қытайдың Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Бейжің аграрлық университеті­нің биология факультетін бітіріп, сол жылы атақонысы Қазақстанға оралады. Еңбек жолын қазақтың ежелгі қолданбалы өнерін зерттеуден бастаған қазақ қызы бүгінде тынымсыз еңбегінің жемісін көруде. – Қазақтың жәдігерлерін бала кезімінен бастап жинап, зерттеумен айналысып келе жатырмын. Сондықтан болса керек, ұлттық құнды­лық­тары­мызды насихаттауды азаматтық пары­зым деп санаймын. Бизнес – үлкен іскер­ліктің жемісі. Оған қажымас қайрат, темірдей төзімділік керек. Жастайымнан қолымда бар қаражатпен жәдігерлер жинаған болатынмын. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін өз бояуында көріп өскендіктен болар, кейіннен осы халқымыздың бұйымдарын ел арасында кеңінен насихаттауға бел будым. Басында бұйым­­дарды коллекция ретінде жинап жүрдім, кейіннен оны үлкен музей қылып ашсам деген ар­маным болды. Бүгінде сол мақсатыма жеттім, – дейді ол. «Әдемі-ай» компаниясы 2000 жылдан бері ұлттық кәдесыйлар мен бұйымдар шығарумен айналысып келеді. Қазіргі таңда аталған компанияның өнімдері елімізде ғана емес, сонымен қатар шетелде де жоғары сұранысқа ие. Мастер-класс форматында өткен кездесуде жастардың бизнеске деген қызығушылығы айқын аңғарылды. Олар бизнесте бренд қалыптастыру бағытында сұрақтар қойып, қызықты мағлұматтарға қанықты. Сондай-ақ пайдалы кеңес айтып, тәжірибесімен бөліскен Баһаргүл Төлегенқызына университет ұжымы алғыс білдірді

Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/03/08/45493.html
Материалды көшіріп басқанда www.aikyn.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.

Не нашли то, что искали? Хотите оригинальный дизайн?
Получите консультацию по Вашим индивидуальным требованиям