Асығың алшысынан түссін!

Б/Т«Асығың алшысынан түссін!»

Баһаргүл Төлегенқызы қазақтың еңбекқор, іске де, ізгі ниетті қыздарының бірі. Бүгінгі күні ол басқаратын «Әдемі – Ай Plus» компаниясының  кәдесыйлық өнімдері  бүкіл Қазақстанға кеңінен танымал. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында газет тілшісі Баһаргүл Төлегенқызынан арнайы сұқбат алған болатын.

–         Құрметті Баһаргүл Төлегенқызы, «Әдемі – Ай» компаниясының өнімдері өзіндік брендке айналды. Қайда барсақ та көркімен көз тартатын кәдесыйлар алдымыздан қылаң береді. Сонадайдан «ау, мынау Баһаргүлдікі ғой» деп жатамыз. Қыз-келіншектер  мерекесі тұсында қазақтың танымал қыздарының бірі ретінде өзіңізді сөзге тартпақ  ойымыз бар. Әңгіме басын бизнеске келу жолыңыздан бастайықшы.

–         Негізінен менің кәсіби мамандығым – биолог. Университетті біртіргеннен кейін Алла тағалам нәсіп етіп, атамекеніме оралдым. Қытайда жүргенде  қазақтың көне этнографиялық жәдігерлерін, императорлардың, тағы да басқа тарихи тұлғалардың саусағының ізі қалған дүниелерді жинап жүретінмін.

Соларды осы жаққа әкеліп, өнердің қадірін түсінетін үлкен ел ағаларына көрсеткенімде олар менің бұл ісіме оң баға берді. Бұл іспен кәдімгідей түбегейлі айналысуыма кеңес берді. Ағалар айтса, біліп айтады емеспе. Тәуекелге бел буып, ендігі езекте өз елімнің  ұлттық құндылықтарын жинауға кірістім.  Әр күн, әр ай әр жыл өткен сайын тәжірибе молыға түсті. Жан жарым Мұрат маған көмекші де,  кеңесші де бола білді.

Бәрі де еңбек пен ізденістің нәтижесі ғой. Бүгінде бізді жарты Қазақстан  біледі деп батыл айтуыма болады. Қазақтың ұлттық кәдесый өндірісін  белгілі деңгейге көтердік деп ойлаймын. Тек кәдесыйларды сатумен айналыспаймыз, бүгінде « Әдемі – Ай» өнер үйі жұмыс жасайды. Онда ұлттық құндылықтар қойылған мұражай бар. Мұражайда 1000-нан артық ұлттық бұйым орын тепкен. Астанадан да «Әдемі – Ай» өнер үйін ашқанбыз. Сол жаққа да 500-ге тарта жәдігерді апарып қойдық.

–         Әйел адамға бизнеспен айналысу үшін бірінші кезекте қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

–         Бизнеспен айналысу әйел адам  тұрмақ, ер адамның өзіне де оңай емес.  Белгілі кәсіпті қолына алған  адам сол істің ығын  жақсы білуі керек. Адами қасиеттерге келетін болсақ, батылдық, іскерлік және оралымдылық қажет.  Үнемі қарқынды арттырып отыру керек.

–         Сонау Қытай елінен атамекеніңізге  келіп, аз уақыттың ішінде өз салаңызда жетекші маманға айналуыңыздың сыры неде?

–         Мұның сыры өз ісіме деген махабатта, еңбекқорлықта және қабылеттілікте шығар деп ойлаймын.  Сондай-ақ жаныңдағы өмірлік серігіңнің қолдауы да өте маңызды. Менің жұбайым моральдық  жағынан да, іскерлік жағынан да  ең сенімді серіктесім. Екеуміз жұдырықтай бірлесіп, ортақ іске  барымызды салып, аянбай еңбек етудеміз.

–         Ұлттық бұйымдарды, кәдесыйларды жалпы жұртшылыққа ұсынып келесіз.  Осы заттардың  тарихы туралы ізденіс жағы қалай?

–         Ұлттық бұйымдардың, зергерлік заттардың,  күнделікті тұрмыста  пайдаланылатын заттардың тарихы туралы үнемі ізденістеміз.  Оның дәлелі ретінде бірнеше жылдар бойы  шығарып келген «Әдемі – Ай» журналын айтуыма болады.  Осы журналда біздер этнографиялық  тақырыптарды  кеңінен қамтыдық. Бүгінде «Әдемі – Ай»  сайтында ұлттық бұйымдар  туралы толық мағұлмат алуға болады. Интернет-дүкеніміз бар.  Күнінен 7-8 мың адам кіреді.

–         Қандың  суретшілермен, мүсіншілермен жұмыс жасайсыздар?

–         Аманжол Найманбай, Сәкен Нарынов,  Ахметжан Халиолла, Тілеуберді Бинашев сынды іскер өнер адамдарымен  шығармашылық әріптестікте жұмыс жасаймыз.  Зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыстамыз.  Әр жаңа бастаманың алдында «кеңесіп пішен тон келте болмас»  дегендей,  ел азаматтарының пікіріне  құлақ түріп отырымыз.

–         Кейінгі жылдарда бизнес пен мемлекеттің серіктестігі туралы жиі айтылады.  Сіздерде мұның мысалы бар ма?

–         Әрине, бар. Мемлекеттік деңгейдегі көптеген іс-шараларға тартылдық.  Қазақстанның имиджіне  бағытталған үлкен шаралар кезінде мемлекеттік  тапсырыстарды орындап келеміз.  Айталық,  Алматы мен Астанада өткен Қысқы Азияда ойындарының  ресми сувенир таратушысы болдық.  Көптеген рәміздік кәдесыйлар  әзірленді.

Өткен жылы «Ерен Еңбегі үшін» медальін алдым.  Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырза табыс етті.

–         Естуімше бірқатар шетелдерде  Қазақстанның ұлттық бұйымдары  мен ұлттық кәдесыйларын  насихаттапсыздар.  Шетелдіктер бұл өнімдерді қалай қабылдайды?

–         Қазақстан ашық елғой. Шетелдіктер  біздің еліміз  туралы көбірек білгісі,  ұлттық кәдесыйларымызды  алғысы келіп тұрады.  Бұл өте жақсы.  Былтыр Қазан қаласында өткен  студенттік универсиадаға  барып,  Қазақстанда 2017  жылы өтетін  универсиаданы жарнамаладық.  Ұлттық бұйымдарды  ұсындық.  Жұртшылық тамаша әсерге бөленді.  Сұраныс өте  жақсы боды.  Сондай – ай Мәскеуде  ТМД елдерінің 20 жылдығына арналған  іс-шараларға  қатыстық.  Көрермендерді тәнті еткен тамаша көрме ұйымдастырдық.  Швецияда, Германияда өткен дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайларына қатыстық.  Өз бұйымдарымызды  көрсетіп қайттық.  Атамекенді сағынған қандастарымыз ұлттық бұйымдарымызды  өте жақсы қабылдада әрі өте жоғары бағалайды.

–         Кәдесыйлардың  қандай түрлеріне сұраныс мол?

–         Қай-қайсысын алып қарасақ та,  олардың барлығының да өзіндік артықшылығы бар.  Біз жасаған кәдесыйлар  дүкен сөрелерінде жатып қалмайды.  Десе де,  «Асығың алшысынан  түссін»  деп шығарған кәдесыйды  ырымшыл халқымыз  жақсы көреді. Оның сыртқы қорабы да, өзінің мағыналық мәні де салмақты. «Асығың алшысынан түссін» деп оқуға түскен  бозбалаға да, жұмысқа жаңа тұрған жанға да,  «маңдайы торсықтай ұл тап» деп аяғы ауыр келіншекке де сыйлауға болады.  Сосын біз асықтың бір ғана түрін жасап қана қоя салған жоқпыз.  Алдымен жалғаз асықтың  алшысынан түсіп  жатқанын жасадық.  Онан соң  жеті асықтың жанатайып жатқан түрін айналымға шығардық.  Кейіннен 16 асықтың  басын біріктірдік.  Ең соңынан  24 асықтан  тұтас композиция әзірледік. Жалпы, қай нәрсені  юолмасын дизайнер, суретшілермен   келісе отырып  түрлендіріп шығаруға болады.  Тіптен,  бүгінгі күні жәй сәндік  үшін дайындалатын  бұйымдарды ғана емес, күнделікті пайдалануға болатын  заттарды да кәдесыйлық  үлгіде жасадық.   Мысалы, домбыра, қобыз үлгісіндегі флешкалар, ұлттық нақыштағы қаламсаптар және т. б. Осындай майда заттар да үлкен сұранысқа ие.

–         Кәдесыйлардың жобасы қалай әзірленеді?

–         Бұл шын мәнінде ұжымдық еңбек. Көптеген кәдесыйлардың авторы өзіміз.  Ал жекелеген  кәдесыйлардың авторлары бар. Біз олармен қоян-қолтық араласып, жұмыс  істейміз.  Солардың бірі Қарағандыда тұратын  Мәдениет қайраткері, көрнекті  суретші Мұрат Қалқабаев.  Айтып отырғанымыздай, біз көп дүниенің кішірейтілген  нұсқасын  жасап шығарамыз. Ал домбыра, қобыз, асық,  жауырын секілді композицияларды  өзіміз ойлап табамыз.  Негізінен, кәдесыйлардың  көбі өзіміздің  ойымыздан туған дүниелер.  Елордада, еліміздің  басқа да қалаларында  өзіміздің авторлық  жұмыстарымыздың көрмесін өткіздік.  Түрлі мерекелерде, салтанатты жиындарда ұлттық бұйымдарымызды  жұртшылыққа ұсынып келеміз.  Әрі тұтынушыларды  жалықтырмай,  тың дүниелер  жасауға ұмтыламыз.  Үнемі жаңалыққа құмартып отыратындығымыздан  болар нарықтың  бәсекелестік қағидаттарына  ілесіп келе жатқанымыз.

–         Баһаргүл Төлегенқызы,  әңгімеңізге көп рақмет. Ер азаматқа пара-пар үлкен істі еңсеріп жүрген  қазақтың көрнекті  қыздарының бірісіз.  Сол еңбегіңіздің  еленгені болар, өткен жылы Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр  Академиясына толық  мүшелікке сайландыңыз.  Академиктік атағыңыз  сізді жаңа биіктерге, жаңа табыстарға  бастасын! Алдағы келе жатқан  аналар мерекесі  құтты болсын, отбасыңызға амандық, ісіңізге  берекет  тілейміз!

Сұхбаттасқан Раушан КАРШАЛОВА

Президент және Халық газеті

Сіз іздегеніңізді таба алмадыңыз ба? Әлде ерекше дизайн қажет пе?
Сіздің жеке талаптарыңызға қарай ақыл-кеңес алыңыз